Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Шарын ауылындағы білім ошағына халқымыздың бағына жаралған дара тұлға, ұлтына адал қызмет еткен аса білікті азамат - Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі берілді.

Осыған орай, аталмыш білім беру мекемесінде зиялы қауым өкілдері бас қосқан жарқын жиын өрбіді. Дінмұхамед Ахметұлының ескерткіш бюсті салтанатты түрде ашылып, қазақтың біртуар ұлының рухына тағзым етіліп, гүл қойылды.

Көптен күткен салтанатты сәтке куә болған көпшілік қуанышында шек жоқ. Сағына күткен салтанатты сәттің сәнін сөз сөйлеушілерде арттыра түсті. Олар осынау орасан зор мәні бар оқиғаны өлеңмен өріп, естеліктерімен бөлісті. Айтулы мереке арнайы дайындалған қойылыммен жалғасты.

Ұлт болашағының жарқын болуы үшін тынбай қызмет еткен салиқалы саясаткер - Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі тіпті ғасырлар өтсе де, елінің жүрегінде мәңгі сақталады. Жас ұрпақ тәлім алар, тәрбие көрер тұлғамыз бар болса, соның бірегейі - Дінмұхамед Қонаев.

Тарихы кенен білім ордасы аудандағы іргелі мектептердің бірі ретінде жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие берудегі жетістікке толы жолын алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

Ссылка: https://vk.com/shonjy_kz?w=wall448237512_2344